Қазақстан құрамасы дзюдодан Президент кубогына ие болды

22:07 | 28 қыркүйек 2017

Бүгін Ақтөбе қаласында дзюдодан Қазақстан Республикасының Президенті Кубогына арналған ерлер арасындағы халықаралық турнир өтті. Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған Президент кубогына 9 мемлекеттен 10 команда қатысты. Атап айтқанда, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Грузия, Моңғолия, Ресей, Украина, Оңтүстік Корея, Белорусия және Ақтөбе облысының құрама командасы өзара мықтыны анықтады.

Ақтөбе қаласында Республикалық «Туған жер» форумы аясында өткізілген ҚР Президент кубогына арналған халықаралық турнирдің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, спортшыларға сәттілік тілеген болатын. Сондай-ақ, биыл тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған Президент кубогында Олимпиада Чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров, Юрий Мельниченко, Ермахан Ибраимов, Бақтияр Артаев,сынды спорт тарландары құрметті қонақ болды.

Жарыс нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасы Президенті кубогына Қазақстан құрамасының спортшылары ие болды. Қазақстан құрамасынан, бүгін ел намысын Ғұмар Қырғызбаев (66 кг), Елдос Жұмаханов (66 кг), Жансай Смағұлов (73 кг), Қажымұқан Өтеулиев (81 кг), Сұңғат Закарияев (90 кг), Ислам Бозбаев (90 кг), Ержан Шынкеев (+100 кг) абыроймен қорғады. Олар финалдық кездесуде Оңтүстік Корея спортшыларын 4:1 есебімен жеңіп, турнирдің алғашқы жеңімпазы атанды. Қола медаль үшін күресте Грузия мен Белорусия құрама командасының спортшылары арасындағы татами тартысында Грузиялық дзюдошылар басым түсіп, турнирдің қола жүлдесіне қол жеткізді.

2017 жылы ұйымдастырылған дзюдодан Қазақстан Республикасының Президенті Кубогына арналған халықаралық турнирде жеңімпаз бен жүлдегерлерге қаржылай сыйақылар табысталды. Назарларыңызға жарыс қорытындысын ұсынамыз:

1 орын – Қазақстан құрамасы (4 000 000 тг)

2 орын – Оңтүстік Корея (2 700 000 тг)

3 орын – Грузия (1 700 000 тг)

"Qazsport" телеарнасы биыл алғаш рет ұйымдастырылған ҚР Президенті Кубогына арналған халықаралық турнирді 3 қазан күні көрсетеді.

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар